CaspianLife, 28 тамыз. Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің көші-қон қызметі еліміздің теміржол және әуе көлігі нысандарында көші-қон заңнамасын бұзудың 2 730 фактісін анықтады. Жауапкершілікке 2 261 шетел азаматы тартылды. Оның ішінде сот шешімімен 595 адам Қазақстан аумағынан шығарылды. Сонымен қатар қос азаматтықтың 190 фактісі тіркеліп, әрбір жағдай бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Тексеру барысында Қазақстан азаматтарына қатысты да заңбұзушылықтар анықталды. Елде шетел азаматтарын қабылдау және олардың болу тәртібін бұзған 469 адам белгілі болды. Жұмыстың тағы бір бағыты — шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту. Осыған байланысты 37 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды.
Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов бұл бағыттағы жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді:
«Көлік полицейлері азаматтармен күн сайын профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Жұмыс берушілерге, қабылдаушы тараптарға және тұрғындарға көші-қон заңнамасының талаптары мен қажетті құжаттарды рәсімдеу тәртібі түсіндіріледі. Бұл көліктегі полиция департаментінің жедел қызмет көрсету аумақтарында тәртіпті сақтап, көші-қон процестерін бақылауға мүмкіндік береді», — деді.
Дереккөз: polisia.kz

