Caspianlife, 28 тамыз. Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші шақырылымының депутаттары ресми түрде тіркеліп, өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға кірісті. Орталық сайлау комиссиясының XVI отырысында Құрылтайдың 145 депутаттарын тіркеу туралы шешім қабылданды. Тіркеу рәсімінен кейін сайланған өкілдер депутаттық мәртебеге ие болды.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 44-бабына сәйкес, депутаттардың өкілеттігі Орталық сайлау комиссиясында ресми тіркелген сәттен бастап басталады.
Құрылтай құрамына бес саяси партияның өкілдері кірді: «Әділет» партиясынан — 110 депутат, «Ауыл» партиясынан — 10, «Respublica» партиясынан — 9, ОСДП-дан — 8, «Ақ жол» партиясынан — 8 депутат.
Мандаттарын алған жаңа депутаттар қуаныштарын жасырмады.
«Ақ жол» партиясының төрайымы Дания Еспаева:
«Керемет! Біздің «Ақ жол» партиясы Құрылтайға өтті. Бұл — халықтың сенімі. Біз қуаныштымыз. Ең басты мақсат — осы сенімді ақтау», — деді.
«Әділет» партиясының мүшесі Асхат Аймағамбетов:
«Біздің партияның бағдарламасы бар. Біз өңірлерді аралап шықтық. Ел мен халық алдымызға қойған мәселелер бар. Осы проблемалармен айналысамыз», — деді.
«Ауыл» партиясының мүшесі Серік Егізбаев сайлаушыларға алғысын білдірді:
«Сайлаушыларымызға алғыс айтамыз! Бізге табысқа жетуге мүмкіндік бергендеріңіз үшін рақмет. Берген уәделерімізді орындауға тырысамыз».
ОСДП төрағасы Асхат Рахымжанов:
«Көңіл-күй жақсы. Біз, ОСДП, кәсіби әрі жұмысқа қабілетті команда құрдық деп сенемін. Жұмысқа кірісеміз», — деді.
Депутаттардың атрибутикасындағы өзгерістердің бірі — кеуде белгісі енді алтыннан емес, жезден жасалады. Бұған дейін ол 375 сынамалы алтыннан жасалып келген. Осыған байланысты оның құны жоғары болған. Мәселен, 2023 жылы бір кеуде белгісінің құны 313 600 теңге болған. Ал жаңа белгінің шамамен құны 42 042 теңгені құрайды.
ОСК төрағасы бұған дейін: «Мемлекеттік наградалардың басым бөлігі жезден жасалады. Сондықтан осы нұсқаға тоқталдық. Сонымен қатар кеуде белгісінің жалпы дизайнын сақтауға тырыстық. Түстік шешімі өзгерген жоқ, тек көлемі кішірейді», — деп түсіндірген.
«Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров жаңа белгіге қатысты пікір білдірді:
«Көлемі сәл кішірек. Бұл — жезден құйылған кеуде белгісі. Алтынмен қапталған. Депутаттардың кеудесінде міндетті түрде алтын белгі болуы шарт емес. Бұл — дұрыс шешім. Қаражат үнемделді. Бір жағынан, ол Қазақстан аумағында өндірілген жезден жасалған. Әдемі».
28 тамызда Құрылтайдың алғашқы сессиясы өтеді. Бұл еліміздегі жаңа саяси маусымның басталуын білдіреді. Осы күні билік пен қоғам арасындағы диалог деңгейі, партиялар арасындағы бәсекелестік және заң шығару жұмысының одан әрі бағыты айқындалуы тиіс.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана
Фото: exclusive.kz

