CaspianLife, 5 наурыз. Кеше аппараттық кеңес барысында Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев 2024 жылы атқарылған жұмыстар мен 2025 жылға арналған жоспарлар туралы баяндады.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өз баяндамасында Адайбек Қалиев өңірде жаңа теміржол вокзалдары салынатынын мәлімдеді. «Маңғыстау» және «Бейнеу» теміржол вокзалдарын қайта жаңарту жобасы қолға алынбақ. Жоспарға сәйкес, құрылыс-монтаж жұмыстары биыл басталады.
Сонымен қатар, «Маңғыстау-Бейнеу» және «Маңғыстау-Өзен» теміржол учаскелерін дамытуға қатысты бірқатар шаралар «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының 2025-2026 жылдарға арналған кешенді даму бағдарламасына енгізілген. Бүгінде өңірдегі теміржол желілерінің өткізу қабілеті төмен. Атап айтқанда, «Маңғыстау-Бейнеу» учаскесінде тәулігіне небәрі 12-14 пойыз өтеді, ал қажеттілік 20-22 пойызды құрайды. Кешенді жоспар аясында облыстың теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін аяқталады.
Өткен жылы жергілікті маңызы бар екі автожол қайта жаңартылып, төрт жолға орташа жөндеу жүргізілді. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай басқарма басшысы Адайбек Қалиевке ұзаққа созылған жол құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, тұрғындардың игілігіне беруді тапсырды. Атап айтқанда, «Шетпе-Қызан» аудандық маңызы бар автожолының 49-85 км және 85-110 км учаскелерін қайта жаңарту, «Жыңғылды – Шайыр – Шерқала» автожолын жөндеу және Ақтау қаласының «Шығыс-2,3» шағын аудандарында жаңа автожол салу жобаларын тездету тапсырылды.
(Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметіне сәйкес)