Биыл Маңғыстау облысында 7 адам судың құрбаны болды. Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен онлайн брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы Ратбек Демеуберген мәлімдеді, – деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ескертуіне қарамастан суға кету дерегі азаяр емес. Әсіресе, тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда шомылып, мас күйінде суға түсетіндер көп. Соның ішінде балаларды қараусыз қалдырушы ата-аналардың жауапсыздығынан болатын қайғылы оқиғалар да бар.
Ратбек ДЕМЕУБЕРГЕН, Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы:
– Бүгінгі күнге дейін облыста өткен 178 рейдтік іс-шараға жергілікті полиция өкілдері мен Маңғыстау облыстық табиғи ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы қызметкерлері жұмылдырылды. Нәтижесінде, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 440-бабы бойынша 20 адам, ортақ су пайдалану ережелерін бұзу бойынша 7 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шомылу маусымы басталмас бұрын құтқарушылар азаматтарды судағы барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Судағы адам шығынын болдырмау үшін профилактикалық іс-шаралар шомылу маусымы аяқталғанға дейін жүргізіледі. Ең бастысы, балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеміз.