CaspianLife, 27 ақпан. Атырау бекіре өсіру зауытын жаңғырту жөніндегі жол картасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың шешімімен бекітілді.
Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, зауытты жаңғырту жұмыстарын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитеті жүзеге асырады. Осыған байланысты Атырауда арнайы кеңес өтіп, оған келесі тұлғалар қатысты:
— облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев,
— Атырау бекіре өсіру зауытының басшылығы,
— NCOC компаниясының өкілдері,
— мемлекеттік органдар,
— Жайық-Каспий аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары,
— Жайық-Каспий бассейндік су ресурстарын реттеу және қорғау инспекциясының өкілдері,
— «Атырау Жарық» АҚ өкілдері,
— «Caspian Business Support» ЖШС директоры.
Ресми мәліметтерге сәйкес, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы министрлігіне техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірлеу, экологиялық сараптама жүргізу және жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) жасау бойынша жан-жақты қолдау көрсетті.
«Жоба құнын оңтайландыру және төмендету мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігі 2024 жылдың қараша айында құжаттаманы қайта қарап, жаңа тапсырманы бекітті», — делінген хабарламада.
Жобалаушылардың болжамы бойынша, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу мен оны мемлекеттік сараптамаға ұсыну 2025 жылдың наурыз айында аяқталады. Зауытты жаңғырту бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын сақтап, Жайық өзенінде олардың санын толықтыруға мүмкіндік береді.