CaspianLife, 27 ақпан. Әбу-Дабиде (Біріккен Араб Әмірліктері) Каспий құбыр консорциумының (КҚК) акционерлер жиналысы өтті.
КҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шара акционерлердің 17 ақпан күні «Кропоткин» мұнай айдау станциясына (МАС) ұшқышсыз ұшу аппараттарымен (ҰҰА) жасалған шабуылды талқылауымен басталды. КҚК-нің ресейлік үкіметтік акционері – «Транснефть» ЖАҚ өкілдері бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, халықаралық құқықпен қорғалатын КҚК нысандарына мұндай шабуылдардың жасалуына жол берілмейтінін мәлімдеді.
КҚК бас директоры Николай Горбань МАС-тың зақымдануы, жабдықтың қазіргі жағдайы, зақымдалған қондырғыларды бөлшектеу жұмыстары мен мердігерлерді жұмылдыру барысы туралы баяндама жасады.
«Консорциум акционерлері жөндеу жұмыстарына байланысты кез келген мәселеде қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Қалпына келтіру жұмыстары шамамен екі айға созылады деп күтілуде», – делінген КҚК баспасөз қызметінің хабарламасында.
Анықтама:
Каспий құбыр консорциумының (КҚК) мұнай құбыры жүйесі – ТМД аумағындағы энергетика саласындағы ірі жобалардың бірі. Теңіз – Новороссийск құбырының ұзындығы 1 511 шақырымды құрайды. Бұл маршрут арқылы Қазақстанның бүкіл экспорттық мұнайының үштен екісінен астамы және Ресейдің Каспий аймағындағы кен орындарынан өндірілетін шикізат тасымалданады. КҚК-нің теңіз терминалы үш айлақтық қондырғымен жабдықталған, бұл танкерлерді жағалаудан алыс жерде қауіпсіз тиеуге мүмкіндік береді.
КҚК акционерлері: Ресей Федерациясы – 24%, МК «КҚК Компани» (ЖШС) – 7%, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ – 19%, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, «Лукойл Интернешнл ГмбХ» – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holdings Limited – 2%, Eni International N.A. N.V. S.ar.l. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.