Caspianlife, 21 ақпан. 2024 жылы Атырау қаласында мемлекеттік органдардың қызметінде 500-ден астам заңбұзушылық анықталды.
Нәтижесінде қабылданған шаралар аясында 13 мың азаматтың құқықтары толық қалпына келтірілді.
Бұл туралы Атырау қаласының прокуроры Руслан Айтимов мәлімдеді. Оның айтуынша, 104 кәсіпкерге жалпы сомасы 164 млн теңге қайтарылған, бұл қаражатты мемлекеттік органдар негізсіз төлемеген.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 140-қа жуық лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың төртеуі этика кеңесінің шешімімен мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтіргені және міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін әртүрлі жазаға тартылды. Сондай-ақ, 39 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның бесеуі кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін жазаланды.
«Сонымен қатар, бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған азаматтардың мемлекеттік қызметке тағайындалу фактілері анықталды. Оларды жұмысқа қабылдауға жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заңсыз тағайындалған қызметкерлер жұмыстан босатылды», — деп мәлімдеді Атырау қаласының прокуроры Руслан Айтимов.