CaspianLife, 21 ақпан. Атырау облысы бойынша Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті «Batys Petroleum» ЖШС-ның жуу-булау станциясына қатысты тергеу жүргізуде. Бұл шара заңды тұлғаның өтініші негізінде басталған.
Агенттіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, жоспардан тыс талдау нәтижесінде компания тарапынан монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері анықталған. Атап айтқанда, мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған цистерналық вагондарға ағымдағы жөндеу қызметтері үшін монополиялық жоғары баға белгілеу фактілері тіркелген.
Қазіргі таңда аталған заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде. Егер монополиялық жоғары баға белгілеу расталса, келесі антимонополиялық шаралар қолданылуы мүмкін:
— компанияның жылдық айналымының 3-5%-ы мөлшерінде айыппұл салу;
— монополиялық кірісті тәркілеу;
— қызмет көрсету бағасын экономикалық негізделген деңгейге дейін төмендету туралы нұсқама беру.