CaspianLife, 8 ақпан. Атырауда «Каспиймұнайгаз» ғылыми-зерттеу және жобалау институты жанындағы диалог алаңының мүшелері мен Атырау облысындағы полиэтилен өндіру жобасының операторы – «Silleno» ЖШС өкілдері полимерлік шикізаттан өнім шығаратын жергілікті компанияларға барды.
Экскурсия қатысушылары алдымен «Гранд-Материк» компаниясының жұмысымен танысты. Кәсіпорын жылына 5000 тонна өнім шығаратын FFS қаптарын өндірмек. Қажетті жабдықтар Түркиядан сатып алынған, ал электроникасы – немістің Reifenhauser компаниясына тиесілі. Цехтың биыл іске қосылуы жоспарланған. Бастапқы кезеңде шикізат Ресейден әкелінсе, болашақта «Silleno» компаниясының жергілікті шикізатын пайдалану көзделіп отыр.
Кәсіпорын басшысы Аслан Қабдуллин бұл шешімнің компанияға оң әсер ететінін “Бізде 100% жергілікті өндіріс болады – шикізат та, өндіріс те, жұмысшылар да өзіміздің мамандар. Қазір бірде-бір шетелдік жұмысшы алған жоқпыз, тек уақытша технолог жалдап, жергілікті мамандарды оқытып жатырмыз. Болашақта тек қазақстандық өніммен жұмыс істейтін боламыз”, – деді А.Қабдуллин.
Компанияға 120 маман қажет. Мұндай қызметкерлер саны өндірісті тоқтатпай, үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді, себебі полиэтилен гранулалары бір сағатқа да қатпауы керек.
Экскурсия аясында қатысушылар «Интаго Қазақстан» өндірістік алаңына да барды. Мұнда геосинтетикалық материал – геотекстиль өндіріледі. Бұл өнім жол құрылысында, дренаж жүйелерінде, еңістерді бекітуде, іргетас жұмыстары мен ландшафттық дизайнда кеңінен қолданылады.
Геотекстильдің негізгі шикізаты – штапельді талшық, ол кәдімгі пластикалық бөтелкеден алынады. Бөтелкелер жуылып, ұсақталады, содан кейін экструзия, формалау және созу әдістерімен штапельді талшық өндіріледі. Қазіргі уақытта «Интаго Қазақстан» шикізатты Ресей мен Өзбекстаннан импорттайды. Алайда Қазақстанда алғашқы және Орталық Азиядағы ең ірі «Фибратекс» штапельді талшық зауытының құрылысы басталды.
Бұл жаңа зауыт «НИНТ» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Өндіріс орны 2024 жылдың күзінде іске қосылды, ал биыл кәсіпорынның басқа да жобалары жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта «Интаго Қазақстан» компаниясында 40-тан астам жергілікті маман жұмыс істейді. Өндіріс директоры Нұрлан Тұрланов бұл қызметкерлердің барлығы – жергілікті тұрғындар екенін атап өтті. Оларды оқыту үшін Қытайдан мамандар шақырылған, ал әр екі ай сайын қызметкерлер Ресейдегі ұқсас кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді.
Диалог алаңының мүшелері өндіріс орындарын аралап шыққаннан кейін, Атыраудағы мұнай-химия саласында шағын және орта бизнестің дамуына сенім білдірді.
Диалог алаңының мүшесі, мұнай-газ химиясы саласының ардагері Халидолла Сатқаев Атырауда 1 миллион тонна полиэтилен мен 500 мың тонна полипропилен шикізаты өндірілетінін, сондықтан дайын шикізатты өңдейтін шағын және орта бизнесті дамыту қажет екенін айтты.
“Бұл – үлкен жетістік. Біз аралаған екі кәсіпорын да жергілікті шикізатты пайдаланады,” – деді Х.Сатқаев.
2029 жылы іске қосылатын «Silleno» полиэтилен зауыты өз өнімін отандық өңдеушілерге жеткізуді жоспарлап отыр. Кәсіпорын 20-дан астам маркадағы полиэтилен өндіреді, олардың 40%-ы премиум санатқа жатады.
Дереккөз: www.caspianlife.kz