CaspianLife, 6 ақпан. Кеше Ақтауда Маңғыстау облысының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға «Маңғыстау облысының Құрметті азаматы» атағын беру рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы қатысып, өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың атынан құттықтап, өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан тұлғаларға құрмет көрсетті.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Маңғыстау облысының Құрметті азаматы» атағы мына азаматтарға берілді:
- Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Сабыр Адай,
- Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еңбек сіңірген бапкер Асылбек Килимов,
- Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Бас қолбасшылығының өкілі Ратмир Комратов,
- Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық театрының көркемдік жетекшісі Гүлсина Мірғалиева,
- Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ақын Светқали Нұржан,
- ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Серік Оспанов,
- Қоғам және саясат қайраткері Гүлнар Сейтмағамбетова,
- Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Телерадио және PR» кафедрасының доценті Онайгүл Тұржанова.
Бұл атақ өңірдің әлеуметтік-мәдени дамуына, ғылым мен өнер саласына, сондай-ақ мемлекеттік басқару мен қоғамдық өмірге сіңірген еңбегі үшін беріледі.