CaspianLife, 31 қаңтар. Атырау қаласының №2 сотында кәмелетке толмаған баланы өзін-өзі өлтіруге итермелеу (ҚР ҚК 105-бабы 3-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қаралды.
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2023 жылдың қараша айында сотталушы өз ұлына қатыгездік танытып, оны өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізген.
Іс материалдары бойынша жәбірленуші кәмелетке толмаған баланың, оның заңды өкілінің, куәгерлердің айғақтары, тергеу амалдарының хаттамалары, кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптаманың қорытындылары, қосымша кешенді сараптамалар, сондай-ақ заттай дәлелдемелер сотталушының кінәсін толық дәлелдеді.
Алайда сотталушы өзіне тағылған айыппен келіспей, ақтау үкімін шығаруды сұраған.
Сотталушыға жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Ол тағылған айып бойынша кінәлі деп танылып, ҚР ҚК 58-бабының 6-бөлігіне сәйкес 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Дереккөз: www.caspianlife.kz