CaspianLife, 31 қаңтар. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желі қолданушылары мен желілік ресурстардың әкімшілеріне осындай үндеу жолдады.
Аида Балаева өз әлеуметтік желідегі парақшасында қазіргі таңда интернет кеңістігінде бірқатар өзекті мәселелер белсенді түрде талқыланып жатқанын атап өтті. Мониторинг нәтижелері көрсеткендей, онлайн-платформаларда заңсыз контент немесе қарапайым тілмен айтқанда, жалған ақпарат жиі таралып келеді.
«Осыған байланысты желілік ресурстардың әкімшілеріне жаңалықтар ағынын мұқият бақылап, тексерілмеген ақпараттарды таратпауға және заңсыз контентті жоюға шақырамын. Ал әлеуметтік желі қолданушыларын ойланбай әрекет жасамауға, сондай-ақ заң талаптарына қайшы келіп, ақпарат көздері мен онлайн-платформалардың бұғатталуына әкелуі мүмкін жазбалар мен пікірлерді жарияламауға шақырамын.
Айта кетейін, біздің министрлік онлайн-платформалардан миллиондаған азамат жаңалық алатынын ескере отырып, тыйым салу шараларын өте сирек қолданады. Дегенмен, желілік ресурстардың әкімшілері де ақпарат таратудың ең алдымен оқырмандар мен қоғам алдындағы жауапкершілік екенін түсінуі керек», – деп жазды Аида Балаева.
Министр сондай-ақ статистиканы келтіріп, 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Қазақстан интернет сегментінде анықталған заңсыз контенттің саны екі есеге жуық өсіп, 116 354 материалға жеткенін мәлімдеді. Ең жиі кездесетін құқықбұзушылықтарға терроризм мен діни экстремизмді насихаттау, есірткіге үгіттеу, онлайн-казино мен қаржы пирамидаларын жарнамалау жатады. Өткен жылы онлайн-платформаларда 78 539 заңсыз материал анықталып, оның 24,3%-ы жойылған.
«Достар, менің ойымша, бірлік пен тұтастық – кез келген мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі факторлар. Сондықтан бәріміз Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстануымыз керек. Бұл – нағыз құқықтық мемлекет құрудың басты кілті», – деп атап өтті Аида Балаева.
Дереккөз: www.caspianlife.kz
Сурет: Аида Балаеваның әлеуметтік желідегі парақшасынан