Caspianlife, 29 қаңтар. Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл соңына дейін су ресурстары бойынша ақпараттық жүйені әзірлеуді аяқтауды жоспарлап отыр.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, жүйеге Қазақстан аумағындағы 17 736 өзен мен 2 949 шағын көл, Каспий және Арал теңіздерінің шекаралары, 8 су шаруашылығы бассейні мен 77 су шаруашылығы учаскесі, 377 магистральдық канал, 56 тоған, 297 су қоймасы және 548 бөгет цифрлық форматта енгізілетін болады.
Сонымен қатар, бұл жұмысты жүзеге асыруға Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты Ақпараттық-талдау орталығы тартылған. Бұл құрылым су шаруашылығы саласындағы барлық деректерді жинау және өңдеу, қысқа және ұзақ мерзімді болжам жасау, модельдеу және басқа да талдамалық жұмыстармен айналысады.
Әзірленіп жатқан ақпараттық жүйе су ресурстарын басқаруды жаңғыртуға, олардың тиімді пайдаланылуын және болжау мүмкіндіктерін арттыруға, сондай-ақ су нысандарының ағымдағы жағдайын мониторингтеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жүйенің негізгі мақсаты – су ресурстарын пайдалану және қорғау бойынша шешімдер қабылдауда ашықтықты, автоматтандыруды және талдауды қамтамасыз ету.
«Жүйені енгізу су ресурстарын есепке алу мен басқару үшін бірыңғай цифрлық платформа құруға, олардың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында сапалы талдау мен болжам жасауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта су ресурстарын есепке алу және олардың ағымдағы жағдайын жедел мониторинг жүргізу модульдерін әзірлеу аяқталуда. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін жүйені пилоттық тестілеу және пайдаланушыларды оқыту жоспарланып отыр», – деп мәлімдеді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.
Сурет: Рахим Койлыбаев