CaspianLife, 21 қаңтар. Атырау қаласы прокуратурасының хабарлауынша, «Атамекен тұрғын үй», «Family town», «Baisanat Residence» және «Saraishyq Invest Group» тұрғын үй құрылыс кооперативтерінің (ТҮҚК) құрылтайшыларының заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғау жұмыстары жалғасуда.
Сот үкімімен аталған тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Үлескерлерге құқықтық көмек көрсету және тұрғын үй құрылысын аяқтау мақсатында прокуратураның бастамасымен қалалық әкімдік пен облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылған. Топтың негізгі міндеті – ТҮҚК құрылтайшылары заңсыз иеліктен шығарған мүлікті үлескерлерге қайтару арқылы олардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету.
«Осы жұмыстың нәтижесінде прокуратура «Baisanat Residence» ТҮҚК-нің бір құрылтайшысына жақын тұлғалардың атына заңсыз рәсімделген 1 гектар жер учаскесін ерікті түрде үлескерлерге қайтаруға қол жеткізді», – делінген прокуратура хабарламасында.
Сондай-ақ сотта басқа жер учаскелерін де үлескерлердің пайдасына қайтару туралы азаматтық істер қаралуда. Мәселе толық шешілгенге дейін ол қала прокуратурасының тұрақты бақылауында болады.