Бейнеу ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 20 көшеге жол төсеу жоспарланып отыр. Бұл туралы Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Бекзат Әзірханов мәлім етті.
Оның айтуынша, биыл Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған «Жол картасы» бағдарламасы аясында Бейнеу ауданында құны 2 048 451 000 теңге болатын 13 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 5 жобаның құны 986,4 млн. теңге болса, 8 жоба орташа және оның жөндеу жұмыстарына 1 млрд. 62 млн. теңге жұмсалмақ. Аталмыш жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу процедуралары толықтай аяқталды.
Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Бекзат Әзірханов:
— Аудан орталығы Бейнеу ауылында 153 көше болса, оның ішінде 2020 жылдың 1 қаңтардағы есеп бойынша асфальтталған көше саны — 30 немесе барлық көшенің 19,6 пайызы. Бағдарлама аясында екі жоба жүзеге асырылады, ол бойынша ұзындығы 21,5 шақырым болатын 20 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тас жол төселетін болады. Аудан орталығында газдандыру, электрлендіру, ауыз су мәселесі шешілген деп айтуға негіз бар. Ендігі өзекті мәселенің бірі — бұл автомобиль жолдарын жөндеу. Сол себепті, Жол картасы бағдарламасына бөлінген қаржының үштен бір бөлігін немесе 32 пайызын осы автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарына бағыттап отырмыз. Алдағы уақытта кезең кезеңімен автомобиль жолдарын орташа жөндеу, жаңа жолдар салу жұмыстарын жалғастыратын боламыз.
Жоба бойынша аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 74 адамға жолдама берілді. Жұмысқа тартылған азаматтардың бір айлық жалақысы 85 мың теңгеден басталады.