Caspianlife, 16 қаңтар. Атырау облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы облысымыздағы ірі пайдалы қазбаларды өндіруші компаниялармен бірлесіп, Атырау облысының жұмыссыз тұрғындарына арналған оқу сабақтарын ұйымдастыруды жалғастыруда.
Аймақтық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл бағдарлама «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарламаға 18 жастан асқан жұмыссыз атыраулықтар, сондай-ақ Тенгиз кен орнының босатылған қызметкерлері қатыса алады.
—Сабақтар электр монтаждаушы, БӨП монтаждаушы, құбыр монтаждаушы және металл конструкцияларын дәнекерлеуші мамандықтары бойынша өтеді. Ұзақтығы таңдалған мамандыққа байланысты екі айдан екі жарым айға дейін жалғаспақ. Үміткерлер білімнің базалық деңгейін анықтауға арналған 15 сұрақтан тұратын тестілеуден өтетін пәнді таңдай алады, — деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары.
Сынақ шаралары 20-31 қаңтар аралығында «APEC Petrotechnic» жоғары колледжінің оқу орталығында өтеді. Оқу 2025 жылдың 3 ақпанында басталады деп жоспарлануда.
Өткен жылы «Теңізшевройл» компаниясы электр монтаждаушы, БӨП монтаждаушы, құбыр монтаждаушы және металл конструкцияларды дәнекерлеуші мамандықтары бойынша 168 адамды оқытты. Биыл 125 адамды оқыту жоспарлануда.
(Аймақтық коммуникациялар қызметінің ақпараты бойынша)