Caspianlife, 15 қаңтар. Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ашық тізілім енгізілуде, ол алдын алу құралы ретінде қызмет атқарады. Оның негізгі мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастырып, қоғамдық сенімді қолдану арқылы оны нығайту.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тізілімде ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдар туралы ақпарат қамтылады. Оған енгізудің негізі ретінде соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі танылады. Ал тізілімнен шығару соттың ақтау үкімі заңды күшіне енгенде және соттылығы өтелген жағдайда мүмкін болады.
Хабарламада тізілімді Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүргізетіні және ол ведомствоның ресми сайтында жалпыға қолжетімді түрде орналастырылатыны нақтыланған.