CaspianLife, 14 қаңтар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша сот төрелігін жүзеге асыру нәтижелеріне арналған кеңейтілген жиналыс Атырау облыстық сотында өтті.
Жиынға облыстық соттың төрағасы Мұхтар Парменов, сот алқаларының төрағалары мен судьялары, Сот әкімшілігі департаментінің басшылығы, қалалық және аудандық соттардың төрағалары мен судьялары қатысты.
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиналыста сот алқаларының төрағаларының 2024 жылғы жұмыс қорытындылары туралы баяндамалары тыңдалды.
Қылмыстық істер бойынша: Қылмыстық істер жөніндегі алқа төрайымы Тәтті Уәлиева қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар істерінің, бас бостандығынан айыру жазасына кесілген адамдар санының, алдын ала тергеу органдары мен прокуратураның әрекеттеріне келтірілген шағымдардың қанағаттандырылу жағдайларының артқанын айтты. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға байланысты істердің азайғаны және қамауға алу санкцияларының төмендегені атап өтілді.
2024 жылы облыс соттары 1 245 қылмыстық істі қарап, 1 470 адамға қатысты шешім шығарған. Оның ішінде 877 іс бойынша 1 029 адамға үкім шығарылып, 1 017 адам сотталған, 12 адам ақталған. Медиация арқылы 12 қылмыстық іс (5,3%) қаралды. Апелляцияда 313 іс бойынша 385 адамға қатысты шешім қабылданды.
Әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша: Облыс соттары 20 020 әкімшілік құқықбұзушылық ісін қарап, апелляциялық инстанцияда 408 іс қаралды. Медиация арқылы 1 911 іс (9,5%) шешімін тапты.
Азаматтық істер бойынша: Азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Мәтен Ерғазиев 2023 жылмен салыстырғанда сотқа келіп түскен талап-арыздар санының 1 261 іске артқанын және татуласу рәсімдері арқылы шешілген істердің 510 іске көбейгенін мәлімдеді. Барлығы 16 798 азаматтық іс қаралып, оның 9 624 ісі шешім шығарумен аяқталды. Татуласу рәсімдері арқылы 2 317 іс шешілді. Апелляцияда 1 373 іс қаралды.
Әкімшілік әділет бойынша: Әкімшілік алқа төрағасының міндетін атқарушы Багила Карешова әкімшілік істер санының 125 іске артқанын атап өтті. Облыс соттары 1 041 әкімшілік істі қарап, оның 400-іне шешім шығарған. Оның 287-сі (71,7%) қанағаттандырылды. Апелляцияда 297 іс қаралды. Медиация арқылы 117 іс (10,3%) шешілді.
Жиналыс қорытындысында облыстық сот төрағасы Мұхтар Парменов сот төрелігінің сапасын арттыру, істерді қарау мерзімін созуға жол бермеу, татуласу рәсімдерін көбейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және этикалық нормаларды сақтау бойынша міндеттерді айқындады.
(Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша)