Caspianlife, 14 қаңтар. Атырау облысында 13 және 14 қаңтарда қою тұман жол қозғалысын едәуір қиындатты. 13 қаңтардағы түнде республикалық маңызы бар Атырау–Орал және Атырау–Астрахань автожолдарында көктайғақ салдарынан қозғалыс шектелді.
Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жолдарда 1 мыңнан астам көлік жиналып, олар патрульдік полиция экипаждарының қауіпсіз бақылауымен жіберілді. Қиын ауа райы жағдайларында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жүргізушілерге көмек көрсетуде.
«Құрметті жүргізушілер! Жолға шықпас бұрын көлігіңіздің техникалық жағдайын міндетті түрде тексеріңіздер. 112 қызметінің хабарламаларына назар аударыңыздар, бұл ауа райының өзгеруіне дайын болуға көмектеседі. Өздеріңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар», — деп хабарлайды полицияның баспасөз қызметі.