CaspianLife, 8 қаңтар. Бұл туралы Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановпен кездесуінде айтылды.
Akorda.kz сайтында хабарланғандай, кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ведомствоның 2024 жылғы жұмысының негізгі қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы есепті тыңдады.
Агенттік төрағасы Мемлекет басшысына 2023-2025 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру оның деңгейін 1,3%-ға төмендетуге мүмкіндік бергенін баяндады. Атап айтқанда, Агенттік қызметінің нәтижесінде 1 312 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, 236,8 млрд теңге көлемінде шығын өтелді, 152,3 млрд теңге көлеміндегі қылмыстық табыстар тәркіленді.
Ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 20 және трансұлттық топқа қатысты бір сотқа дейінгі тергеу басталды. 42 қаржы пирамидасы жойылып, алаяқтық схемаларды жарнамалаған 15 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталды, 327 мессенджер чаты жабылды. Бұл 2 миллионнан астам азаматтың қаржылық шығындарының алдын алуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі 41 онлайн құмар ойын алаңы, 30 ойын залы, жасырын казино және букмекерлік кеңселердің қызметі тоқтатылып, 11,7 мың онлайн-казино сайтына қолжетімділік жабылды. Бюджеттің 120 млрд теңге көлеміндегі негізсіз шығынының алдын алынып, 36 заңсыз криптобиржа арқылы қылмыстық табыстарды заңдастыру әрекеттері тоқтатылды.
Президентке Қазақстан, Беларусь және Ресей қаржы барлау қызметтерінің қатысуымен өткен арнайы операцияның нәтижесінде үш ірі «есірткі дүкенінің» жабылғаны және 35 есірткі сатушының ұсталғаны туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, жалған қаржылық операциялар мен мәмілелер жасаған 1 787 заңды тұлғаның қызметі тоқтатылып, террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаражат аударуға бағытталған 1,2 мың әрекет анықталып, бұғатталды.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Агенттіктің негізгі қызмет бағыттары бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Сурет: ҚР ҚМА