Атырау облысына «Сәби» қайырымдылық қоры атынан жалпы сомасы 128 млн. теңге болатын дәрілік препараттар тарту етілді.
Астраханнан әрқайсысының құны 10 млн. теңгелік 10 жасанды тыныс алу аппараты, сондай-ақ, 26 млн. болатын дәрі-дәрмек жеткізілді. Ал қалған сомаға 40 шақты консентратор мен медициналық бетперде алынды. Көмекті «Иманғали» орталық мешіті қабылдап алды.
Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ, Атырау облысының бас имамы:
– ҚМДБ төрағасы және ондағы «Зекет» қайырымдылық қоры «Өмірге үміт сыйла» акциясын жариялаған еді. Акция барысында Атырау мешіттері атынан халыққа үндеу жасадық. Яғни, онда қазіргі таңда халыққа аудай қажет болған дәрі-дәрмекпен көмектесу, құрбандық шалып, етін тегін тарату, жасанды тыныс алу аппаратын алып беру туралы айтылды.
Имамның айтуынша, еріктілердің ықпалымен дәрі-дәрмектер амбулаториялық ем қабылдап жатқан науқастарға таратылуда. Ал аппараттар медициналық мекемелерге қайтарымсыз табысталатын болады.