CaspianLife, 23 желтоқсан. Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) Алматы қаласы бойынша департаменті «Toyota Tsusho Kazakhstan Auto» ЖШС-не қатысты Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабында (Басым немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану) көзделген бұзушылықтар белгілері бойынша тергеу жүргізді.
БҚДА баспасөз қызметінің хабарлауынша, тергеу барысында 2020-2021 жылдары «Toyota Tsusho Kazakhstan Auto» ЖШС жаңа автокөліктерді сату кезінде қосымша жабдық орнату арқылы 82%-дан астам көлік құралдарын сатқаны анықталған. Бұл жабдықтардың құны 3 млн теңгеге дейін жеткен, ал кейбір санаттарда бағаның үстемесі 200%-дан асқан. Осылайша, жаңа автокөліктерді сату кезінде қосымша жабдықты мәжбүрлі түрде ұсыну арқылы адал емес тәжірибе қолданылғаны анықталды.
«Тергеу нәтижелері компания тарапынан шағымдалғанымен, 2024 жылдың соңында ҚР Жоғарғы Соты департамент жүргізген тергеуді заңды деп таныды», – деп атап өтті БҚДА баспасөз қызметі.
Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен жаңа жеңіл автокөліктерді сату кезінде клиенттерге қосымша жабдықты мәжбүрлі түрде ұсыну бөлігіндегі бұзушылық үшін ЖШС монополистік қызмет нәтижесінде алынған табыстың (түсімнің) 5%-ы мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Агенттік айыппұл сомасы ақшалай түрде 88 млн теңгені құрайтынын нақтылады. Бірінші сатыдағы соттың қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
(Сурет БҚДА сайтынана алынды)