Қалада салынып жатқан тұрғын үй пәтерлерін заңсыз сатумен айналысқан үш құрылыс компаниясы анықталды. Бұл туралы Атырау облыстық прокуратурасы жүргізген мониторингі кезінде белгілі болды.
Аталған мекемелер БАҚ арқылы пәтерлерді сатуға жарнама жасап, үлескерлерден ақша алған. Ал құзырлы органдағылардың айтуынша, мүлікті сатылымға шығармас бұрын кепілдік беру қоры, банк немесе әкімдіктің рұқсаты болуы керек.
Бауыржан ЖҰМАҚАНОВ, Атырау облысы прокурорының орынбасары:
– Нақтылап айтар болсам, «Bastau constraction», «Real estate», «Orkali» деген ЖШС тұрғын-үй құрылысымен айналысатын. Нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілері ҚР ӘқбК-нің 320-бабымен жауапкершілікке тартылды. Оларға 1 700 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Құрылыспен айналысатын кәсіпкерлер өздерінің құжаттарын заң талаптарына сәйкестендірсе, әрі қарай құрылыстарын жалғастыра береді.
Прокуратура тұрғындарға пәтер сатып алу кезінде аса мұқият болуды ескертеді. Ал аталған мекемелер тарапынан заңбұзушылық қайталанса, пәтер сату құқығынан үш айға дейін ажыратылады.