Caspianlife, 20 желтоқсан. Бұл жан түршігерлік оқиға 5 маусым күні «Дина» базарында болған. 39 жастағы М.А. өзінің көлігін байқаусызда сызғаны үшін 56 жастағы А.С-ты қатыгездікпен ұрып-соққан.
Бұл оқиғаны егжей-тегжейлі баяндаудың қажеті жоқ — бақылау камераларындағы соққының видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қоғамдық резонанс тудырды. Тек еске сала кетсек, жәбірленуші ауруханаға жеткізіліп, бірнеше күннен кейін алған жарақаттарынан қайтыс болды.
Кеше, 19 желтоқсанда, Атырау қаласының №2 сотында жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды (ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі).
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, прокурор айыпталушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және азаматтық талапты ішінара қанағаттандыруды сұраған. Жәбірленуші тарап айыпталушыға қатаң жаза тағайындап, азаматтық талапты толық қанағаттандыруды өтінген.
Айыпталушы өз кінәсін мойындағанымен, жәбірленушіні өлтіру ниеті болмағанын айтып, жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Қорғаушылар айыпталушының әрекетін абайсызда кісі өлтіру (ҚК 104-бабы) бабына қайта саралауды өтінген.
Сот шешімі:
«Сотталушының кінәсі жәбірленуші өкілінің айғақтары, заттай дәлел ретінде танылған бейнежазбалар және іс материалдарымен дәлелденді. ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі бойынша 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жазаны жеңілдететін жағдай ретінде сотталушының асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуы есепке алынды, ал ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен айыпталушы ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Моральдық залалды өтеу туралы азаматтық талап ішінара қанағаттандырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.