CaspianLife, 13 желтоқсан. Атырау қаласының тұрғыны, спорт шебері, 2021 жылы Лиссабон қаласында (Португалия) өткен дзюдодан жарыстарда, 2023 жылы Астана қаласында өткен Азия және Мұхит елдері чемпионатында, Орал қаласында өткен самбодан ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында және Абу-Даби қаласында (БАӘ) өткен дзюдодан әлем чемпионатында жүлделі орындар алғаны үшін ынталандыру төлемдерін төлеу туралы Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігіне өтініш жасаған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, министрлік спорт ардагерлеріне төлем қарастырылмаған деген сілтеме жасап, өтінішті қанағаттандырмаудан бас тартқан. Министрліктің бұл шешімі спортшы тарапынан сотқа шағымданған. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот (МАӘС) бұл істі қарастыра отырып, келесілерге назар аударды:
Ережеге сәйкес, әрбір чемпион мен жүлдегерге, халықаралық жарыстардың жеңімпаздарына және құрама команда мүшелеріне жеке спорт түрлері бойынша 100% мөлшерінде ақшалай сыйақы төленеді. Ережеде спорт ардагерлері – халықаралық жарыстардың жүлдегерлеріне сыйақы төлеуге тікелей тыйым салу жоқ. Талапкер жарысқа басқа елдердің спортшыларымен қатар қатысып, Қазақстан Республикасының атынан шығып, жүлделі орындарға ие болған. Бұл орындар елдер арасындағы жалпы медаль есебіне енгізілген.
Сонымен қатар, Орал қаласында өткен самбодан әлем чемпионатына жиырмадан астам елден 550-ден астам спортшы қатысқан. Министрлік әкімшілік органның заңсыз әрекеттерінен әкімшілік рәсімге қатысушыға ауыртпалықты салдардың туындауына жол беруге болмайтындығын көрсететін сенімді қорғау қағидасын (ӘРПК-нің 13-бабы) бұзған.
«Осыған байланысты спорт шеберінің талабы қанағаттандырылды: сот министрлікті әлем чемпионатында алған жүлделі орындары үшін оған ақшалай сыйақы төлеуге міндеттеді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ», – деп атап өтті ҚР Жоғарғы Сотының хабарламасында.