CaspianLife, 11 желтоқсан. Екінші тоқсанның аяқталуы жақындап келеді. Қазақстан мектептерінде қысқы демалыс он күнге созылады – 2024 жылдың 30 желтоқсанынан бастап 2025 жылдың 8 қаңтарына дейін (қоса алғанда).
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Қысқы демалыс кезінде оқушылардың тиімді және қауіпсіз уақыт өткізуін, сондай-ақ тұлғалық дамуын қамтамасыз ету үшін «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары әзірленді. Мектептердің іс-шаралар жоспарына білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар кіреді:
- «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында – мектепішілік «Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқимыз» шарасы;
- театр фестивальдері мен қойылымдар;
- жаңа жылдық әшекейлер жасау бойынша шеберлік сабақтары;
- қауіпсіздік сабақтары;
- мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;
- спорттық ойындар, коньки, шаңғы тебу;
- қайырымдылық акциялары және басқа да іс-шаралар.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Осыған байланысты балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, мектептердің ішкі тәртіп ережелерін сақтау, көшедегі қауіпсіздік шаралары, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылады.
«Бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыныстар ретінде жіберіледі», — делінген Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.