Атырау облысы бойынша 42 500 теңге алуға 6 мыңнан аса адамнан өтініш түскен. Жедел штаб оның 3 мыңға жуығын қанағаттандырыпты. Қалғанына беріле ме, жоқ па – тексеріліп жатыр.
Жұмысынан айырылғандар жәрдемақыға өтінішті өздері бере алады. Ал ақысыз демалыстағылар үшін ұсыныс басшылық тарапынан ғана жіберіледі. Олай болмаған жағдайда 42 500 теңгеден үміттенбесе де болады. Жедел штаб қабылданған өтініштер бойынша 2-3 күн ішінде шешім шығарады.
– Штаб 800-дей арызды кері қайтарып отыр. Өйткені, бірінші төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге алып, қазір жұмыс жасап жатқандар бар. Өтінішті әр түрлі жерде қатарынан бірнеше рет тапсырып жатқандар бар. Көрсетілген электронды жүйе арқылы тек біреуімен ғана арыз бересіздер. Егер сайт арқылы беріп, ертесіне өтінішті 42 500 бот арқылы берсеңіз, оны қабылдамайды. Сондықтан әр жерде өтіне берудің қажеті жоқ, – деді Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Азамат Мамбетов.