CaspianLife, 3 қазан. Жыл сайын қазан айының алғашқы аптасында тойланатын Атырау қаласының күні қарсаңында әлеуметтік осал топ санатына жанатын 130 отбасы қоныс тойын тойлады, — деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Үй халықтың әлеуметтік осал тобын құрайтын тізімде тұрған азаматтарға кезек тәртібімен берілді. Салтанатты іс-шарада Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин пәтер кілттерін өз иелеріне табыстап, жаңа қоныспен құттықтады. Оның сөзінше, бұл кейінгі жылдары бұл әлеуметтік әділеттіліктің жарқын көрінісі мен халқымыздың тұрмыс жағдайын жақсарту жолындағы игі қадам .
— Пәтер табыстау кезіндегі басымдылық әлеуметтік осал топ, аз қамтылған отбасылар мен жалғызбасты аналарға берілді. Осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.. Себебі, Самал және Береке ықшам ауданында жыл соңына дейін берілетін пәтерлердің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін тағы бір топ азаматқа жаңа баспана кілтін табыстап, қуантамыз деген жоспарымыз бар,- деді Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкін.
Баспаналы болғандардың арасында көп балалы, ерекше бала тәрбиелеп отырған және толық емес отбасылар мен жетімдер бар. «Модерн» тұрғын үй кешенінен табысталған пәтерлер 2-3 бөлмелі. Мереке қарсаңында үйлі болып, қуанған атыраулықтардың бірі , бірінші топ мүгедегі Әміре Жангереев. Ол баспана кезегін 16 жыл күткен. Әміре Жангереев бірнеше жылдан кейін кең әрі жайлы баспаналы болғаны үшін шын қуанып, себепші болған жандарға алғысын білдірді.
«- Осы күнді 16 жыл бойы кезекте тұрып күттім. Облыс әкімі Серік Жамбылұлы бастаған азаматтарға алғыс білдіремін. Жаңа пәтеріміздің есігін қала әкімімен бірге ашып, кіріп жатырмыз. Қуанышымызда шек жоқ. Баспананың іші кең, жарық, ұнады, рақмет,- деді жаңа пәтердің иесі.
Қазіргі таңда халықты баспанамен қамтамасыз ету үшін облыста бірқатар жұмыс атқарылуда. Жыл басында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 132 пәтердің кілті табысталған еді. Оларға үйлер Нұрсая ықшам ауданындағы «Латифа» тұрғын-үй кешенінен берілді. Сондай-ақ өткен жылдан бері өңірде дәрігерлер мен жастарға арналған арнайы бағдарлама қолға алынды», делінген хабарламада.