CaspianLife, 1 қазан. Жергілікті кәсіпкер 17 түрлі тұрмыстық өнімі бар «VIO» цехын іске қосты, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Цехта сұйық сабын, ыдыс, әйнек және киім жууға арналған сұйықтықтар шығарылады.
— Біздің өнімнің 90 пайызы Қазақстанда жасалады. Сыртқы қағазы мен ыдысы да отандық өнім. Ал шикізат елімізден бөлек Қытай мен Оңтүстік Кореядан әкешлінеді. Шикізатты сұрыптап, химиялық әрекет арқылы қажетті өнім дайындаймыз. Біз арзан бағадағы, ең сапалы өнімді дайындап жатырмыз,-деді цехтың инженер-химигі Рафхат Назарұлы.
Оның айтуынша, отандық өнім аудандар мен қала аумағындағы 200-ге жуық сауда нүктесі арқылы сатылып жатыр. Алдағы уақытта өзге өңірлерге де ұсыну жоспарланып отыр. Айта кетейік, қазір өндірістік цехта 10 адам жұмыс істейді.