Атырауда үш жарым мың шоқыр шабағы табиғи мекеніне жіберілді. Жас балықтар бекіре балық өсіру зауытының 10 тоғанында екі айдан астам уақыт өсірілген. Енді салмақтары талапқа сай келгендіктен су айдынына аттанды.
– Балықтардың орташа салмағы 13-14 грамды тартады. Ең азы 4-5 грамм. Шабақтар өмір сүруге әбден бейімделген. Мұның бәрі – біздің балықшылардың еңбегі, – деді бекіре балық өсіру зауытының директоры Рашиден Халидуллин.
Шабақтарды жіберу жұмыстары орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, жергілікті атқарушы орган, ғылыми ұйымдар өкілдері мен табиғат пайдаланушылардан тұратын арнайы комиссияның бақылауымен өтеді.
– Атырау бекіре балық өсіру зауытымен жыл сайын 300 мың дана бекіре тұқымдас шабақты шығаруға келісім-шарт жасалған. Бүгін, міне, осы шарт аясында біз Жайық өзеніне шабақтарды жіберіп жатырмыз, – деді табиғатты пайдаланушы мекеме өкілі Асқар Тұрдығұлов.
Облыста бекіре шабақтарын өсірумен айналысатын екі зауыт бар. Олар жасаған жұмыстардың нәтижесінде жыл сайын 7 млн. шабақ суға жіберіліп тұрады. Жалпы, жиырма жылға жуық тәжірибесі бар зауыттар бүгінге дейін 100 миллионнан астам шабақты табиғи мекеніне жіберген.