Ақтауда үш ай бұрын сүріліп тасталған жолдар жөнделмей, белгіленген мерзімнен кешіктірілуде. Жоспар бойынша асфальт төселіп, барлық жұмыс өткен айдың ортасында аяқталуы тиіс еді. Алайда «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалған. Ойран-топыры шығып жатқан жолдың ұзындығы бес шақырымнан асады. Бұл өз кезегінде жүргізушілердің қозғалысына қиындық туғызуда.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жоспар республикалық қазынадан бөлінген қаражаттың кешіктірілуіне байланысты жүзеге аспай қалған. Одан кейін битум зауытта асфальттың болмауы кедергі болыпты. Бірақ аталған жол жөндеу жұмыстары алдағы үш-төрт күнде тәмамдалады дейді.
– Бітпей жатқан негізгі себебі – битум мәселесі. Мердігерлер битум күтіп отыр. Облыстық әкімдік те араласып жатыр. Битум мәселесі шешілсе, екі күнде төсейді, – бұл Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусман айтқан сөз.
Бұл жолдың сметалық құны – 70 млн. теңге шамасында. Мердігер қос мекеме тендерді 62 млн. теңгеге ұтып, 8 млн. теңгеге жуық қаржы үнемделген.
Жалпы, Маңғыстауда жол мәселесі қашан да өзекті. Жақында ғана Баянды тасжолының сапасыз салынғаны сарапшылардың арқасында дәлелденген еді.