Caspianlife, 31 шілде. Бүгін, 31 шілдеде Ақтау қаласында Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырған Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі жас қызметкерлерінің Батыс өңірлік слетінің екінші күні өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты.
Батыс өңірлік слетке Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан келген жас қызметкерлер жиналды. Іс-шараның мақсаты – кадрлық әлеуетті нығайту, жас мамандардың кәсіби құзыреттерін дамыту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру және елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы тәжірибе алмасу.
Іс-шараға сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов, өңірдің құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарының басшылығы қатысты.
Қатысушыларды құттықтаған облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және білікті кадрлар даярлау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кәсібилік, жауапкершілік және мемлекетке адал қызмет ету мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің басты қағидаттары болуға тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Заманауи білімге, жоғары құқықтық мәдениетке және қоғам алдындағы жауапкершілік сезіміне ие жас мамандар – еліміздің одан әрі дамуының қозғаушы күші. Осындай алаңдар кәсіби біліктілікті арттырып қана қоймай, өңірлер арасындағы ынтымақтастықты, корпоративтік мәдениет пен өзара сенімді нығайтуға ықпал етеді, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Слеттің білім беру бағдарламасы аясында қатысушылар экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеп-тексерудің заманауи тәсілдерін талқылап, практикалық тәжірибе алмасты. Сондай-ақ олар «Ықпал ету психологиясы және манипуляцияларға қарсы тұру» тақырыбындағы арнайы тренингке қатысып, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, кәсіби коммуникацияны жетілдіру, эмоционалды тұрақтылық пен командалық жұмысты нығайту бағытында тәжірибе жинақтады.
Слет барысында жас қызметкерлер қаржылық мониторинг саласындағы өзекті сын-қатерлерді талқылап, өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа тәсілдерін пысықтады. Сондай-ақ қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған үздік тәжірибелермен алмасты.
Екі күнге созылған Батыс өңірлік слет кәсіби байланыстарды нығайтуға, жаңа буын кадрлық резервін қалыптастыруға және Қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға, құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға және қазіргі заман талаптарына сай жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыруға ықпал етеді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

