CaspianLife, 29 тамыз. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы жылы әлеуметтік салада 95 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, олардың 58-і әшкереленген, 34 адам сотталған. Осылайша, 26 тамызда Атырау қаласының соты №4 Атырау қалалық емханасының директоры С-ва Е., шаруашылық меңгерушісі А-в А., бас есепші Д-ва М. және кәсіпкер Е-ва А. қатысты үкім шығарды.
Хабарламада атап өтілгендей, алдын алу шаралары аясында сот процесі ашық режимде өткізілді. Процеске онлайн режимінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері мен оған қарасты 28 ұйымның өкілдері қосылды.
Сотталушылар 231,8 миллион теңге көлемінде ақшалай қаражатты заң талаптарын бұза отырып жасалған келісімшарттар аясында қызмет көрсетпестен кәсіпкерге аудару арқылы ұрлады деп танылды. Сот үкімімен оларға 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар, емхана басшысы С-ва өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан айырылды. Сотталған А-ва, Дүйсенғалиева және Е-ва 7 жылға дейін мемлекеттік ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәлі екені заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз деп есептеледі.