CaspianLife, 12 тамыз. Қоғамдық бірлестік төрағасы «Facebook» әлеуметтік желісінде Қызылқоға ауданының әкіміне қатысты пост және аудио-бейнежазба жариялаған.
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, белсенді «….мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй, автожолдар, көпір және басқа да әлеуметтік нысандар, сондай-ақ осы үшін бөлінген 40 млн теңге бойынша тұрғын үйлер құрылысы туралы шындыққа жанаспайтын мәліметтерді жариялаған».
Оларды теріске шығару мақсатында әкім құқық қорғау органдарына жүгініп, өзіне қатысты оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне және беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтердің таралғанын көрсетті (ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі).
Құқық бұзушының кінәсі жәбірленушінің арызымен, іске қатысушылардың түсініктерімен, полиция қызметкерінің баянатымен, әлеуметтік желіде жарияланған посттар және аудио-бейнежазбалармен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, сараптама қорытындысымен және басқа да іс материалдарымен дәлелденді.
ӘҚБтК-нің 73-3-бабы 2-бөлігінің санкциясында 180 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу қарастырылған.
Атырау облысы Мақат аудандық сотының қаулысымен ҚБ төрағасы аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Іс құқық бұзушының адвокаттарының апелляциялық шағымдары бойынша апелляцияда қайта қаралды. Олар сот қаулысымен келіспей, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі тоқтатуды сұрады.
Апелляция құқық бұзушылықтың сипатын, құқық бұзушының жеке басын, бұрынғы әкімшілік құқық бұзушылық бойынша әкімшілік айыппұлдың төленгенін, оның отбасы жағдайын ескеріп, оған әкімшілік айыппұл түріндегі баламалы жазаны қолданды.
Сот қаулысы өзгертіліп, ҚБ төрағасына 664 560 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Еске салайық, 1 тамыз күні Мақат аудандық соты Ғазиз Ғабдуллинді “жала жабу” бабы бойынша кінәлі деп танып, 20 тәулікке қамаған болатын. Іске Қызылқоға ауданы әкімі Қанат Әзмұхановтың «Ғабдуллин Facebook желісінде ашқан «Доссор жаңалықтары» парақшасында беделiмді түсiретiн көрінеу жалған ақпарат таратты» деп сотқа арыздануы түрткі болған. Кейін Ғабдуллиннің үстінен Әкімшілік кодекстің «Жала жабу» бабы (73-3-бабы 2-бөлігі) бойынша іс қозғалған.Бірінші сатыдағы сотқа қатысқан белсендінің адвокаты Болат Олжабаев 4 тамыз күні сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым берген.
Белсенді қамауға алынған кезде қан қысымы көтеріліп, ауруханаға түскен. Апелляциялық сотқа Ғабдуллин Мақат аудандық ауруханасынан онлайн қосылып қатысқан.
8 тамыз күні Атырау облыстық апелляциялық соты жергілікті қоғам белсендісі, Aqiqat қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллинге қатысты бірінші сатыдағы сот шешімін ішінара өзгертіп, оны қамаудан босатты.
Апелляциялық сот Ғабдуллинге тағайындалған 20 тәулікке қамау жазасын 664 000 теңге (1391 доллар) айыппұлмен алмастырды.