CaspianLife, 8 тамыз. Су тасқынынан зардап шеккен 5 239 отбасыға арнайы салынған және сатып алынған үйлер мен пәтерлер берілді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Үкімет су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға тұрғын үй салу және сатып алу, сонымен қатар оларға жан-жақты көмек көрсету бойынша өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Қираған баспаналардың орнына 4 769 отбасы жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болды. Сонымен қатар зардап шеккен өңірлерде 2 568 жаңа үйдің құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, оның ішінде 470 нысан бойынша жұмыстар толығымен аяқталып, тұрғындарға кілттер табысталды.
Солтүстік Қазақстан облысында құрылысы аяқталған 285 үй, Қостанай облысында 57, Батыс Қазақстан облысында 80, Ақтөбе облысында 43 және Павлодар облысында 5 үй пайдалануға берілді.
Барлық облыста су басқан тұрғын үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары 100% аяқталды. Жалпы сомасы 49,3 млрд теңгеге 8 853 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге тиісті төлем алды.