CaspianLife, 23 шілде — Бүгін Атырау облысы аумағында полиция қызметкерлері «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасын (ЖПІ) бастады.
Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы 23 шілдеден 28 шілдеге дейін өткізіледі. Іс-шара жолаушылар мен жүк тасымалдайтын жүргізушілердің көлік және еңбек тәртібін арттыруға, техникалық ақаулы немесе қайта жабдықталған жолаушылар көлігін пайдалануды анықтауға, сондай-ақ заңсыз жолаушылар тасымалын тоқтатуға бағытталған. Іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу, соның ішінде жолаушыларды және габаритсіз жүктерді тасымалдау, сондай-ақ көлік құралының сәйкес категориясына жатпайтын жүктерді тасымалдауға ерекше назар аударылады. Полиция қызметкерлері автобус және маршруттық такси жүргізушілерін жолаушыларға сыпайы болып, жол қозғалысы ережелерін бұзбауға шақырады.