CaspianLife, 9 шілде — Бұл туралы іс Семей гарнизонының әскери сотында қаралды, деп хабарлайды ҚР Әскери сотының баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Әскери сотының ресми парақшаларында жарияланған баспасөз хабарламасында көрсетілгендей, өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін жымқырды деп айыпталған О.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. (ҚК 189-бабының 3-бөлігі 2-тармағы).
«Сот капитан О.-ның штабтың топографиялық қызметінің бастығы бола тұра, өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, букмекерлік сайттарда ұтылған соң жеке қарызының көбеюіне байланысты «Т» ломбардына әскери бөлімге тиесілі топографиялық құралдарды салғаны анықталды. Соның салдарынан мемлекетке 2 миллион теңгеден астам шығын келтірілген», — делінген хабарламада.
Сот үкімімен сотталушы О. ҚК-нің 189-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 49-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотталған «капитан» әскери атағынан айырылады.