Атырау облысы аумағында дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығы мен медициналық препараттар саудасының заңдылығын қадағалайтын мобильді топтар жұмыс атқарады. Алайда заңбұзушылық анықталған жағдайда дәріхана иелерін жауапқа тарту оңай шаруа болмай тұр. Бұған мобильді топ мүшелерінің жұмысындағы жүйесіздік себеп болып отыр. Мәселен, кей дәріханадағы препараттардың ішінара рұқсаты болмай шықты. Ал мобильді топ хаттама толтырудың орнына істі үнемі бір-біріне сілтеумен болады.
– Мониторингтік топтың негізгі жұмысы – шектік бағаларды асырмау, алыпсатарлыққа жол бермеу мәселелерін қадағалау. Сондай жағдай анықталған жағдайда заңбұзушылықты көрсететін видео, фото материалдар департаментке тапсырылады. Заңсыздықты көре тұрып, хаттама толтырмауымыздың себебі, бұл мобилді топтың құзырына кірмейді, – деген уәж айтты Атырау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің басшысы Сұлушаш Қуанғалиева.
Білімуізше, бұл орган тек экономикалық тергеу және полиция департаменттері толтырған актіге ғана сүйенеді екен. Десе де, кезекті тексеруде олардың бірі де болған жоқ. Іске сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мамандары мен журналистер араласпағанда, мобильді топтың мәселені жылы жауып қоюға кетәрі еместігі де көрініп қалды. Екі сағат өткеннен кейін ғана тәртіп сақшылары шақыртылып, заң бұзған кәсіпкерге қатысты хаттама толтырылды.
– Енді бүгін біз Атырау қаласындағы №7 дәріханадан түрлі жағдайды байқадық. Оның бірі – заңсыз сатылып тұрған термометр: қай жерден шыққан, өндірушісі кім, дәріханаға кімнің әкеліп қойғандығын анықтау мақсатында жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл термометрлер гуманитарлық көмек ретінде келген термометрлерге ұқсайды. Тергеу жұмыстары жүргізіліп, мәселенің ақ-қарасы анықталғаннан кейін дәріхана иесі әкімшілік жауапқа тартылатын болады, – деді ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Атырау облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт.
Дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтергендер мен препараттарды заңсыз саудалағандар әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 426-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылады. Ал осындай заңсыздықты қадағалайтын мобильді топтың жұмысы күмәнді көрінеді. «Ет сасыса – тұз себебіміз, тұз сасыса – не себебіміз?»