CaspianLife, 10 маусым — Атырау-Астрахань тас жолының құрылысы тағы да созылуы мүмкін. Өйткені, 20 шақырымдай айналма жолды өр суы басып, жұмыстың жүруіне кедергі келтіріп тұр. «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ басшылары осылай дейді. Мамыр айының аяғына қарай Құрғақ өзегіне келген су жайылып, қаладан шыға берістегі Сасықсайдан Байшақа көпірінің тұсына дейін жеткен. Енді осы аралықтағы жұмыс қарқынының бәсеңдеп қалған жайы бар.
«Қазавтожол» ҰК АҚ АОФ директорының орынбасары Азамат Қабдығалиев
— Бұл жағдай жобаның аяқталу уақытына әсер етуі мүмкін. Өйткені айналма жолды су басқандықтан, көліктер негізгі жолмен өтіп жатыр. Сондықтан оның беткі қабатын төсеу мүмкін болмай тұр. Дегенмен жұмысты тоқтатып қойған жоқпыз. Асфальттың екі жағын – жиектерін реттеп, оған төселетін инертті материалдарды дайындауға кірісіп кеттік.
Мамандар су қайтқан соң айналма жолдың қайта салынатынын және асфальттың су жеген тұсының қалыпқа келтірілетінін айтты. Мұнымен жол салып жатқан мердігер мекеменің өзі айналысады. Еске салайық, республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахань» тас жолын 2024-жылдың соңында ашу жоспарланған еді.