Желіде ақылы жедел-жәрдем қызметінің жұмысы туралы түрлі ақпарат желдей есіп жүр. Бірнеше күн бұрын Денсаулық сақтау министрлігі құны 5400 теңге тұратын 3000 бригаданың іске қосылатынын хабарлаған еді. Жағымсыз хабардан әбден жауыр болған халық мұны «жығылғанға – жұдырық» деп түсінді. Бірақ атыраулық мамандар мұнайлы өңірде ақылы «Жедел жәрдем» қызметінің әлі қосылмағанын айтады.
– «Жедел жәрдемнің» көмегі қазір көрсетіліп жатқан тегін кепілдендірілген медициналық көмекке жатады. Біздің жедел жәрдем тегін, барлық шақыртуларға да ақысыз барады, – деді облыстық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Ербол Иманғалиев.
Ел «күткендей», емханалар жанынан ақылы мобильді жедел жәрдем бригадалары құрылатын болды. Олар науқастармен байланыста болғандардан және симптомы барлардан вирустың бар-жоғын анықтайтын сынама алады. Бірақ баға тұрғындар тарапынан емес, мемлекеттен әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы төленбек.