CaspianLife, 24 сәуір — Биыл судың көп келуі балық популяциясына, уылдырық шашу үрдісіне оң әсер етеді.
«Ағын көбейген сайын балықтың саны молаяды, сәйкесінше, рұқсат етілген уақытта балық аулауға мүмкіндік болады», дейді «Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Атырау филиалының директоры Ерболат КАДИМОВ.
Балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты жұмыстары жүргізген зерттеулер нәтижесінде 2019-2022 жылдар аралығында Атырау қаласында су деңгейі өте төмен болған. Бұл жағдайлар балықтың көбеюіне кері әсер еткен.
Еске сала кетелік, 24 сәуір күнгі мәлімет бойынша, Жайық өзенінің Атырау қаласы гидропостындағы су деңгейі 422 сантиметрге жетті. Су тасқыны басталғаннан бері жалпы көтерілу 231 см құрайды.