CaspianLife, 15 қараша — Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан қаржыгерлерінің XI Конгресінде ұлттық валюта банкноталарының жаңа сериясын таныстырды. Ол «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді.
ҚР Ұлттық Банкі хабарлағандай, жаңа банкноталар сериясы дайын болған кезде айналымға енеді. Номиналы 5 000 теңгелік жаңа дизайн үлгісіндегі алғашқы банкноталар осы жылдың соңына дейін қолданысқа берілмек.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес, банкноталардың дизайны жалған ақша жасауға жол бермеу және оның алдын алу үшін жетілдірілген қорғаныш қабілетін енгізу мақсатында кезең-кезеңімен жаңартылып отырады. Бұл орайда еліміздің мәдени құндылықтары мен тарихы да насихатталмақ
Жаңа банкноталар төлемнің барлық түрі бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында номиналды құнына қарай қабылдауға жатады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының барлық банкі арқылы банктік шоттарға аударуға, айырбастауға және ұсақталуға міндетті.
Жаңа дизайндағы банкноталар шығарылғаннан кейін алдыңғы үлгідегі банкноталар айналымнан біртіндеп алына бастайды.
Ескі және жаңа үлгідегі банкноталар айналымда 1 жыл көлемінде қатар жүреді және қажет болған жағдайда ұзартылуы мүмкін.
Айналымда параллель жүретін кезеңде ескі және жаңа банкноталар заңды төлем құралы болып қала береді және төлемдер мен аударым кезінде қабылдануға міндетті. Олар Ұлттық Банктің, «Қазпошта» АҚ мен ЕДБ барлық филиалдарында шектеусіз мөлшерде айырбасталады және ұсақталады.
Айналымда қатар жүру мерзімі аяқталған соң барлық банктер мен «Қазпошта» АҚ ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі банкноталарға – 3 жыл ішінде, ал Ұлттық Банктің филиалдары – мерзімсіз айырбастай береді.