CaspianLife, 25 қыркүйек — Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылынан үш шақырым жерде шопан зымыран снарядының конус тәрізді денесін тауып алды, деп хабарлайды CaspianLife.
Оқиға 24 қыркүйек күні сағат 14:35 шамасында Сүйіндік ауылынан 3 шақырым жерде болған. Мал бағып жүрген шопан зымыран снарядының конус тәрізді денесін тауып алады. Зымыранның атаулары мен техникалық сипаттамалары әлі анықталуда. Қазіргі уақытта Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Оқиға орнына Атыраудан облыстық ПД-не қарасты «Арлан» арнайы жасағының саперлері аттанды.
Сүйіндік ауылдық округінің әкімі Данияр Сабировтың айтуынша, қазіргі уақытта барлық құзырлы органдарға хабарланған, снаряд қалдығы табылған орын қоршауға алынды, зардап шеккендер жоқ.