CaspianLife, 8 тамыз — Ақтауда теңіз жағасында құдық қазушыларға арналған архитектуралық мүсінінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды CaspianLife.
Мүсіннің орнатылуына Freedom компаниялар тобы бастамашы болды. Салтанатты рәсімге Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры Тимур Турлов қатысты.
«Маңғыстау жері ежелден өзінің құрғақ және қатал ауа-райымен ерекшеленеді. Біздің ата – бабаларымыздың осы аймаққа бейімделуінде және одан кейінгі көшпелі өмірінде құдықшылардың рөлі ерекше. Себебі технология дамымаған заманда, тасты жерді ойып, тұшы су көздерін табу және құдық қазу таңданыс сезімін тудырады. Бүгінде біздің облыста құдық қазушылардың тікелей ұрпақтары тұрады, олар Ақтау қаласында ата-бабасының құрметіне мүсін орнатылғанына риза. Облыс тұрғындары үшін бұл мүсін ұрпақтар арасындағы байланысты және жалпы өңір үшін судың құндылығын бейнелейтін туынды» — деді Маңғыстау облысының әкімі нұрлан Ноғаев.
Мүсіннің авторы маңғыстаулық шебер — Болатбек Салаев.. Оның жұмысы халық тарапынан әрдайым қызығушылық пен жақсы пікірге ие. «Құдықшылар» мүсінін жасауға екі ай уақыт кеткен. Жалпы биіктігі — 4,5 метр. Құдықшының бейнесі қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесіндегі бас кейіпкердің негізі.
«Біз «құдықшылар» архитектуралық мүсінін аймақтағы ең көне және ардақты мамандықтардың бірі – құдық қазушыларға құрмет ретінде орнаттық. Бұл мүсіннің тағы бір маңызды тұсы-бұл үш фигурада көрсетілген уақыт аралығындағы ұрпақтар сабақтастығы. Аталған ескерткіштің мәні жаңа өмір және Маңғыстаудағы ауыз су тапшылығымен жалғасып жатқан күрестің символы іспеттес. Біз Ақтау қаласының маңында жаңа сорғы станциясы мен сумен жабдықтау желілерін іске қосу арқылы ауыз су тапшылығы сияқты мәселені шешу жолында өз үлесімізді қостық» — деді Freedom Holding Corp компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов.
Құдықшылар және олардың еңбегі — Маңғыстау тарихында алтын әріптермен жазалып қалды, себебі облыс өзен-көлсіз, шөлейтті өңір. Ерте замандарда мұндағы ауыз судың бірден-бір көзі құдықтар болды.