CaspianLife, 8 тамыз — Облыс орталығындағы мектептерде білім алатын оқушыларды жаңа оқу жылында киім-кешекпен және оқу құралдарымен қамтамасыз ету үшін 337 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды CaspianLife.
Ақша ата-аналардың есепшотына аударылады. Нақтырақ айтқанда, қаражат мемлекеттік атаулы көмек алатын, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін, сондай-ақ жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатқан және жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға тиесілі. Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, қаражат тамыз айының 15-не дейін берілуі тиіс. Оған дейін ата-аналар қажетті құжаттарды жинақтап, тапсыру керек. Ата-аналардың есепшотына қатысты мәселе туындаса, сенімхат арқылы қаржыны туыстарының біріне аударуға болады.
«41 мың теңгелік атаулы көмек алу үшін мектеп әкімшілігінде бекітілген құжаттар тізімі бар. Бұл мемлекеттік қызмет түрінде қабылданады. Кез-келген ата-ана өзінің сұрағымен мектеп әкімшілігіне барып немесе 64-қаулыны Егов порталы арқылы, басқарманың, білім бөлімінің сайттарында бар. Ол жерде аса қатты құжат жоқ. Дегенмен де өзінің тиісті санат екендігін нақтылайтын, анықтайтын құжаттарды алуға болады. Ата-аналардың есепшотына байланысты мәселе туындап қалмас үшін кейде кредит бұғаттайды немесе басқа да себеппен жасамаған жағдайда мектеп әкімшілігімен бірлесе отырып, балалардың оқу құралын, сабаққа киімін алуды ата-ана баланың заңды өкілі болып табылады. Сондықтан осы жауапкершілік ата-ананың тікелей құзырлығында және міндеті» — деді Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.
Биыл бұл көмекпен қала бойынша барлығы 8409 оқушыны қамту жоспарланып отыр. Күні бүгінге дейін 4 мыңға жуық баланың ата-аналарының шотына ақша аударылған. Қалалық білім бөліміндегілер «Мектепке жол» акциясы арқылы да оқушыларға қажетті заттар табысталатынын айтады. Ол үшін білім бөлімі жеке компаниялар мен мекемелерге хат жолдап, көмек сұрап жатыр.