CaspianLife, 15 мамыр — Құрманғазылық депутаттар ауданда жол салып жатқан «Атырау жолдары» ЖШС басшыларымен бірге Дыңғызыл, Орлы, Хиуаз, Ақкөл ауылдық округтерінің халқымен кездесті, деп хабарлайды CaspianLife.
Аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиеваның айтуынша, халықтан ауылішілік жол құрылысына қатысты арыз-шағымның түсуі жиілеген. Мысалы Ғизат Әліпов атындағы ауыл тұрғындары Ақкөлмен екі ортадағы 12 шақырымдық жолдың екі жылдан бері бітпей отырғанына ренішті. «Атырау жолдары» ЖШС директоры Орынбасар Өтепқалиевтің сөзінше биыл 1 млрд. теңге бөлінген. Қазіргі уақытта топырақ төгіліп, жұмыс басталып жатыр.
«Қызылоба ауылынан 12 шақырым жолды биылғы бөлінген қаржыға толықтай бітіріп береміз. Орлы, Жаңаталап ауылішілік жолдарының құжаттарына қайта жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Ақкөл ауылішілік жол жұмыстарын қазіргі таңда бастап жатырмыз. Оны да жылдың аяғына дейін бітіріп беруге тырысамыз. Құрылыс материалдары мамыр айының ортасына келеді, сол кезде толықтай жұмысымызға кірісеміз» — деді «Атырау жолдары » ЖШС директоры Орынбасар Өтепқалиев.
Ақкөл ауылының ішкі жолы да келесі жылы аяқталмақ. Жаңаталап, Орлы ауылдық округтерінде де мәселе баршылық. Аталған екі округтегі ауыл ішілік жол құрылысы келесі жылы басталады. Хиуаз ауылында көпірлерді қайтадан салу жобаға енгізілуі тиіс. Орлыда жол салынғанға дейін халық жиі қатынайтын жерлер жүруге ыңғайлап беріледі, — деді «Атырау жолдары» ЖШС директоры Орынбасар Өтепқалиев. Мұның бәрін қадағалап отыруды аудандағы өкіліне тапсырды.
«Ауылішілік жол салу мәселесі жөнінде халықтың бізге жолдап жатқан аманаты бойынша «Атырау жолдары» мекемесінің басшысы келіп, халықпен тікелей кездесіп, айтып жатқан мұң-мұқтажын, пікірін тыңдап, өзінің атқарылатын жұмыстарын, атқарылмай жатқан жұмыстарға не себептен қандай кедергі болып жатқанын түсіндірді. Жақсы ұсыныс-пікірлер айтылды. Алдағы уақытта көптеген жұмыстар жасалатыны, бір ай турасында жұмыстардың қарқын алатыны айтылды. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен облыстан келген басшының берген уәдесі алдағы уақытта жүзеге асады деп есептейміз. Біз оны бақылауда ұстап, ауылішілік жолдардың сапалы аяқталуына атсалысатын боламыз» — деді Құрманғазы аудандық мәслихатының төрағасы Гүлжанат Қалиева.
Мемеке директоры республикалық маңызы бар Атырау-Астрахан жолының да құрылысына қатысты біраз қиындықтың болып тұрғанын айтты. Мысалы қажетті материалдардың екі есе қымбаттауына байланысты бұрын бөлінген ақша жетпейді. Сонымен қатар, инертті материал Ақтөбе облысынан тасылатындықтан жолға бірнеше күн кететінін, сондай жағдайда жол төсеу жағы кідіріп жатса, «ол жұмыс тоқтап қалды» дегенді білдірмейтінін айтып, тұрғындардың түсіністік танытуын сұрады.