CaspianLife, 4 мамыр – «Маңғыстаудағы «Каспий» су тұшыту зауытын жаңғырту үшін аймақ басшылығы 6 миллиард теңгеге жуық қаражат сұрап отыр», — деп хабарлайды сaspianlife.kz Теңіз суын тұшыту көлемін тәулігіне 20 мыңнан 40 мың текше метрге дейін жеткізу жұмысы 2017 жылы басталған еді. Аймақта ауыз су мәселесі жыл өткен сайын күрделеніп барады. 200 000 халқы бар Мұнайлы ауданына қазір тәулігіне 10-13 000 текше метр су беріліп отыр. Бұл – өте аз. Ал жазда тіршілік нәріне деген қажеттіліктің және арта түсетіні белгілі. Суды өндіру кешенін кеңейту жобасының уақытында аяқталмауына – ресейлік зауыттың келісім-шартты бұзуы себеп. Өйткені көрші елдегі геосаяси жағдай және санкцияның әсерінен құрал-жабдықты жеткізу мүмкін болмапты. Сондықтан зауытқа реконструкция жасау жұмысын аяқтау арабтарға жүктелді. Нәтижесінде жоба құны 12 миллиард теңгеден 18 миллиард теңгеге дейін көтерілді.Енді арабтар қажетті жабдықты уақытылы жеткізсе, жоба тамыз айында аяқталуы тиіс. Бірақ әзірге мәселе басы ашық күйі тұр. Өйткені қажетті қаржы бөліне ме, бөлінбей ме, белгісіз. Ал маңғыстау билігіндегілер өңір жұртын ауыз сумен толық қамту үшін 2025 жылға дейін 7 жобаны жүзеге асырамыз дейді. Ресми дерек Маңғыстау халқына күн сайын 77 000 текше метр су жетпейді дейді. 2025 жылы зауыт іске қосыла қалса тәулігіне 300 000 текше метр суды тұшытпақ. Сол кезде ғана мұндағы жұрттың су тапшылығынан мүлде құтылуы мүмкін. Бірақ әзірге мұның бәрі әдемі әңгіме ғана.