CaspianLife, 24 сәуір – Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Атырау облысына жұмыс сапары аясында Махамбет ауданы Сарайшық ауылындағы сапар орталығының құрылысымен танысты деп хабарлайды сaspianlife.kz.
«Сарайшық» тарихи-мәдени мұражай-қорығының аумағында жақында туристер мен келушілердің жайлы қоныстануына арналған кешен ашылады. Мәдени нысанда экспозициялық көрме залдары, қор қоймасы, конференц-зал, сондай-ақ зертханалық және реставрациялық бөлмелер, электронды деректер базасы бар кітапхана болады. Орталықта дәріс өткізуге арналған алаңдар, ашық аспан астындағы музей және этноауыл да орналасқан деп хабарлады өңірлік коммуникациялық қызметі.
— Қазақстанда еліміздің өткенінен сыр шертетін киелі де тарихи орындар көп. Оларға біздің отандастарымыз ғана емес, шетелдік туристер де үлкен қызығушылық танытуда. Алайда, көбінесе бұл тарихи және археологиялық ескерткіштерде туристік инфрақұрылым болмайды. Көне Сарайшық аумағында ашылатын бұл сапар орталығы еліміздің бай мәдени және тарихи мұрасына назар аудартады, туризмді жандандырады,- деді Алтай Көлгінов.
Сарайшық ауылындағы сапар орталығы сәуір айында ашылуы мүмкін.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметінен