CaspianLife, 5 сәуір — Мемлекет басшысы елордада Теңізшевройл компаниясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты, — деп хабарлайды caspianlife.kz
Бұл туралы ақорданың ресми сайтында жарияланды. Президент Қасым жомарт Тоқаев өз сөзінде «Шеврон» компаниясының Қазақстанмен біріккен кәсіпорын құрған алғашқы шетелдік компания екендігін және «Теңізшевройлдың» 30 жылдығы еліміздегі мұнай-газ саласы үшін ерекше дата екендігін айтты. Қазақстандағы мұнай алпауытының мерейтойына орай мемлекет басшысының жарлығымен компанияның ардагерлері мен қызметкерлері өндірісте үздік жетістікке жеткендіктері үшін марапатталды. Еңбек ардагерлері Жанұзақ Оразов, Көбентай Сүйесінов пен Жеңіс Сейтаевтің өңіріне «Құрмет» ордені тағылса, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені еңбек ардагерлері Мұхит Әбілғазиев, Мырзақуат Қарабалин, Леонид Торопкин және Айтқали Үйпақовқа берілді. «Ерен еңбегі үшін» медаліне еңбек ардагерлері Орынбай Жақиев пен Болат Ерниязов, ТШО компаниясының екінші буын зауытының басқарушысы Данияр Бижанов, өндірісті басқару бірлескен орталығының басшысы Руслан Инебаев ие болды. «Теңізшевройл» зауытының бастығы Нұрлан Бектаев ҚР президентінің Құрмет грамотасын алды.