CaspianLife, 31 наурыз — Жетібай ауылындағы жолды жауып, өздерін мұнай-газ саласында жұмысқа орналастыруды сұраған тұрғындар жалақысы 220 мың теңгеден басталатын вакансиялардан бас тартты деп хабарлайды сaspianlife.kz Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нақтырақ айтқанда, 31 наурызда бірнеше компанияның басшылары жетібайлықтармен кездесіп, оларға өз компанияларынан жұмыс ұсынды . Жұмыссыздарға ұсынылған бос орындар — жартылай тіркеме көлігінің жүргізушісі, электрик, дәнекерлеуші, учаске бастығы, асфальт төсеу машинисі, жеңіл көлік жүргізушісі, бульдозер машинисі, жүк тиегіш машинисі, жүк көлігінің жүргізушісі, тас қалаушы, сылақшы, бетоншы қызметі ұсынылған. Бос жұмыс орындарының ең төменгі жалақысы – 223 мың теңге, ең жоғары жалақы – 450 мың теңгеге жетеді.
mangystaumedia.kz сайтының ақпаратына сүйенсек, «LTD Альянсының» директоры Асқар Керелбаев ұсынылып отырған бос жұмыс орындары тұрақты жұмыс екенін айтқан. Себебі, Маңғыстауда құрылыс маусымы ұзақ.
«Сіздерге жұмыс керек екенін естігеннен кейін біз тұрақты жұмыс орындарын ұсынып, көмектесуді шештік. Бұл жақсы жұмыс орындары, олардың көпшілігіне арнайы білім қажет емес, біліктілікті арттыруға да көмектесе алады. Оның үстіне біздің компанияларда вахталық әдіспен жұмыс істеуге болады, бір вахта — 15 күн. Нарықтық жалақы алуға болады. Өкінішке қарай, мұнай саласына барлық ниет білдірушілерді жұмысқа орналастыру мүмкін емес, бірақ біз сіздерге нақты жұмыс ұсынып отырмыз», — деді Асқар Керелбаев.
Қарақия әкімдігінің ресми мәліметіне сүйенсек жиналғандар ұсынылған бос жұмыс орындарынан бас тартып, тек мұнай саласына жұмысқа орналастыруды талап етіп отыр.